Тұлғалар

Фариза Оңғарсынова

Фариза Оңғарсынова 1939 жылы 25 желтоқсанда Атырау облысы Исатай ауданы Манаш ауылында өмірге келген. 1961 жылы Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтын бітіріп, мектепке мұғалім болып жұмысқа кіреді. Кейін облыстық Коммунистік еңбек" газетінің редакциясына әдеби қызметкер болып орналасады. 1968-1970 жылдары сол кездегі "Лениншіл жас" газетінің Орал, Гурьев және Ақтөбе облыстары бойынша меншікті тілшісі болып жұмыс істейді. Қазір бұл газет "Жас Алаш" деп аталып жүр. Бұдан кейін 1970-1978 жылдары аралығында қазіргі "Ұлан", сол кездегі "Қазақстан пионері" газетінің бас редакторы қызметін атқарады. 1978-2000 жылдары қазіргі "Ақжелкен", сол кездегі "Пионер" журналының бас редакторы, 2000-2004 жылдары Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің депутаты болған. Фариза Оңғарсынованың "Сандуғаш" атты тұңғыш өлеңдер жинағы 1966 жылы жарық көрген. Бұдан кейін 1969 жылы "Маңғыстау маржандары", 1972 жылы "Мазасыз шақ", 1973 жылы "Асау толқын", 1983 жылы "Сұхбат", 1985 жылы "Дауа" атты кітаптары жарық көреді.