Тұлғалар

Сәбит Мұқанов

Сәбит Мұқанов 1900 жылы 26 сәуірде қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы Жаманшұбар ауылында кедей отбасында дүниеге келген. Сәбит Мұқанов 1918 – 1919 жылдары Омбыдағы оқытушылар курсында білім алды. Оқып жүріп Мағжан Жұмабаевқа хатшылық етті. Оның педагогика курсы тарихынан оқыған дәрістерін қағаз бетіне түсірді. Өзі шығарған алғашқы өлеңдерін Мағжанға оқып беріп‚ ақындық өнерін шыңдады. Оқуын тәмамдағаннан кейін Сәбит Мұқанов біраз уақыт мұғалім болып қызмет етті. 1920 жылы жазда Мағжан Жұмабаевтың жетекшілігімен оқытушылар курсы қайта ашылып‚ күзге дейін сонда оқуын жалғастырды. Жиырма жасынан поэма жаза бастады. 1928 жылы "Сұлушаш" дастаны, 1931 жылы "Адасқандар" романы және тағы басқа туындылары жарық көрді. "Сұлушаш" дастанында ғашықтық, махаббат мәселесін көтере отырып, әлеуметтік мәні зор түйіндерді толғаған. Ал "Адасқандар" романы қазақ әдебиетіндегі тұңғыш романдардың бірі саналды. Ол бұл романды едәуір өзгерістер енгізіп, 1959 жылы "Мөлдір махаббат" деген атпен қайта бастырып шығарды.