Тұлғалар

Ғабит Мүсірепов

Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов 22 наурыз 1902 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы Жаңажол ауылында дүниеге келген. Қазақтың халық жазушысы, драматург, сыншы, мемлекет және қоғам қайраткері. Алғаш 1925 жылы «Едіге» әңгімесі «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланды. Мүсіреповтің тұңғыш повестерінің қатарына 1928 жылы Қызылорда қаласында жарық көрген “Тулаған толқында” мен “Американ бидайығы” атты шығармалары жатады. М. әңгіме жанрының өркендеуіне үлкен үлес қосты. Алғашқы шығармаларынан-ақ жазушылық шеберлігімен танылды. “Қос шалқар” (1928), “Көк үйдегі көршілер” (1929), “Өмір ертегісі” (1930), “Алғашқы адымдар” (1932), “Шұғыла” (1934), “Үздіксіз өсу” (1934), “Жайлау жолында” (1936), “Тұтқын қыз” (1938), “Жеңілген Есрафил” (1939), тағы басқа әңгіме, повестерінде еңбек адамдарының қиындыққа толы қажырлы өмірі мен азамат соғысы, ұжымдастыру кезіндегі дүрбелең оқиғалар легі суреттеледі.