Тұлғалар

Сапарғали Бегалин

Сапарғали Ысқақұлы Бегалин 1895 жылы 24 қарашада Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданы Дегелең ауылында дүниеге келген. 1916-1917 жылдары Петроград түбіндегі тыл жұмыстарын атқарады. Үйге оралғаннан кейін ол кеңес үкіметінің белсенді насихатшысы болады. 1921 жылы Дегелең болыстық атқару комитетінің төрағасы және уездік атқару комитетінің мүшесі, 1923 жылы Қарқаралы уезінің, Семей губерниялық сотының халық төрешісі болып сайланды. Кейін Түркісіб басқармасына жауапты жұмысқа шақырады. 1935-1956 жылдары «Теміржолшы» республикалық теміржолшылар газетінде, Тіл білімі және әдебиет институтында (қазіргі Әдебиет және өнер институты мен А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтында) Қазақстан ғылым Академиясында, Қазақстан Жазушылар одағында қызмет атқарды. С.Бегалин шығармашылығының негізі оның балаларға арналған шығармалары, ол қазақ балалар әдебиетінің негізін қалаушы. Алғашқы «Қазақ қыз-бозбалаларына» өлеңі 1914 жылы «Айқап» журналында жарияланды. 1943 жылы шыққан «Бүркіттің кек алуы» поэмасы оның алғашқы кітабы болды. Жазушының қаламына жиырма бес поэма, роман, он екі повесть, көптеген әңгімелер, тоғыз бір актілі пьеса енген: «Қанатты қазақ» (1947), «Цимлянское море» (1953), «Жасөспірім» (1960), «Мектептегі достар» (1961), «Жұмбақ бұлақ» (1963), «Ермек алмасы» (1955), «Сәтжан» (1947), «Асулар» (1971), «Уақыт кезеңдері» романы (1975) және т.б.