Тұлғалар

Әнуар Әлімжанов

Әнуар Тұрлыбекұлы Әлімжанов 1930 жылы 12 мамырда Алматы облысы, Алакөл ауданы, Қарлығаш ауылында дүниеге келген. 1954 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Шығармаларын орыс тілінде жазады. Әнуар Әлімжановтың тақырыбы алуан салалы: қазақ халқының өткен дәуірдегі мүшкіл халі, бүгінгі гүлденген Қазақстан, социализмнің белсенді құрылысшылары, жаңа совет адамдары, халықтар достығы, Азия, Африка елдерінің ұлт азаттығы жолындағы жан қиярлық күресі т.б. Тарихи тақырыпқа жазған шығармаларының идеялық мазмұны бүгінгі күннің талап-тілегімен үндес. "Отырар ескерткіші", "Құрманғазының жастық шағы" повестерінде орта ғасырдағы қанаушылықты, деспоттықты, зұлымдықты өткір де уытты сөздермен түйресе, халық бойындағы алып күшті, сарқылмас жігерді, өнерге, жарқын болашаққа ұмтылған өршіл талапты сүйсіне толғайды.