Тұлғалар

Ғафиз Есімов

Ғафиз Есімов 1947 жылы 9 мамырда Атырау облысы, Махамбет ауданы, Сороченко ауылында дүниеге келген. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында білім алды. Оны бітірген соң опера әншісі болып еңбек жолын бастайды. Ұлы тұлғалар мен ұлағатты ұстаздардан тәлім алған Ғафиз аға өз өнерін шыңдай отырып, әлемдік операның классигі КСРО Халық әртісі Ермек Серкебаевқа үзеңгілес іні атанып, қазақ өнерін, қазақ операсын шырқау биікке көтере білді. 1975 жылдан күні бүгінге дейін Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында үздіксіз еңбек етіп келеді. Халықта «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген нақыл бар. Қазақ өнерінің атақты классиктерінен білім алған ағамыздың өзі де бұл күнде республикаға аты танымал баритон дауысты әншілердің ұстазы атанды.