Тұлғалар

Нұрғали Нүсіпжанов

Нұрғали Нүсіпжанұлы Нүсіпжанов 5 қаңтар 1937 жылы Талдықорған облысының Гвардия ауданындағы Күреңбелдің (Алтынемел) жанындағы Доланалы ауылында туған. Әнші, Қазақстанның халық әртісі. Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Парасат, Құрмет ордендерінің иегері. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға қабылданды. Мұнда ол белгілі ұстаз – Қазақстанның халық әртісі Надежда Николаевна Самышинаның класында жеті жыл оқыды. Нұрғали Нүсіпжанов Қазақтың мемлекеттік Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптары оркестріне жетекші әншілікке қабылданды. Осы сәттен бастап оның ән шырқауына даңғыл жол ашылды, ол әншілік шеберлігімен көрермен қауым алдында құлашын жайды. Қазақтың әйгілі композиторы, халық қаһарманы, КСРО халық артисі Нұрғиса Атабайұлы Тілендиев Нұрғалиға «Саржайлау», «Ақ құсым», «Балдызым», «Куә бол», «Әкеме», «Әжеме», «Жетісуым», «Қапшағай», «Келе жатыр құс қайтып» сынды жиырма шақты тамаша әндерді арнап жазған. Ол М.Маңғытаевтың «Сағыныш», Ә.Бейсеуовтың «Айнашым», «Мұңайма», «Аспан қызы», Қ.Қуатбаевтың «Қарындас», «Шолпаным», Т.Базарбаевтың «Қаздар қайтқанда» сияқты көптеген эстрадалық әндерін сахнаға алып шыққан.