Тұлғалар

Мәдениет Ешекеев

Ешекеев Мәдениет Сейітжанұлы 16 наурыз 1936 жылы Шығыс Қазақстан облысы Бородулиха ауданы, Бородулиха ауылында дүниеге келген. 1957 жылы Семей облысы концерттік-эстрадалық бюросында өнер көрсетті. 1965 жылы “Қазақконцертте” өнер көрсетті. 1975 жылдан өмірінің соңына дейін Семей облысы филармониясының әншісі болды. Ешекеев — дәстүрлі халық әндерін өз ерекшелігімен, аса шебер орындаушы, Ж.Елебековтің алғашқы шәкірттерінің бірі. Оның репертуарынан қазақ халық әндерімен бірге Біржан салдың, Ақан серінің, Абайдың, Жаяу Мұсаның, Балуан Шолақтың, т.б. халық композиторларының әндері кең орын алды. Әсіресе, Ешекеевтің өзіне ғана тән әншілік мәнерін айқын танытатын, оның ерекше нақыс-бояумен орындайтын әндері қатарына Кенен Әзірбаевтың “Бозторғайы”, Әсеттің “Інжу-Маржаны”, Балуан Шолақтың “Ғалиясы”, халық әндері “Сұржекей” мен “Аққұм” және М.Ержановтың “Паровоз”, Р.Елебаевтың “Жас қазақ” әндері жатады. Оның орындауындағы бірқатар әндер Қазақ радиосының алтын қорына жазылып алынды. Ешекеевтің орындаушылық дәстүрін мейлінше дәл сақтап, жалғастырушы шәкірттері — Т.Сембаев, Т.Рахимов, т.б.