Altyn qor туралы

60 жылдан астам тарихы бар Қазақ телевизиясының асыл қазынасы – «Алтын қор».

«Алтын қорда» Қазақ телевизиясы мен ғасырлық тарихы бар Қазақ радиосының 110 мыңнан аса тарихи-жәдігерлік бейне және аудио таспасы сақталған. Олардың арасында 1930 жылдың 28 сәуірінде Түрксіб теміржолының ашылу салтанатында сөйлеген Тұрар Рысқұловтың бейнесі бар. Жалпы, халқымызбен бірге көркейіп, түрленіп келе жатқан Ұлттық арнаның бейнеқоры ғасырға жуық тарихымызды мәңгі өшпес мұрасына айналды. «Алтын қорда» халқымыздың біртуар азаматтарының сұхбаттары, естеліктері сақталған.

Алты алашқа белгілі Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Шыңғыс Айтматов, Тахауи Ахтанов, Қадыр Мырза Әлі, Ғафу Қайырбеков, Мұзафар Әлімбаев, Әбділда Тәжібаев секілді қаламгерлер туралы бейнежазбаларды тек «Алтын қордан» табуға болады. Қазақ телевизиясының тарландары Сағат Әшімбаев, Шерхан Мұртаза, Сұлтан Оразалин, Жүрсін Ерман, Қажы Қорғанов, Нұртілеу Иманғалиұлының кезінде көрермен экраннан үзбей көрген хабарлары да «Алтын қорда» сақтаулы.

Бүгінде бұл жобалар ұлт руханиятының сыр-сандығына айналды.